Республикалық нотариаттық палатаның атына нотариустерден РНП қызметкерлері телефон арқылы қоңырау шалып, РНП атынан сөйлеп жүрген тұлғалар туралы хабарламалар келіп түсті. Қоңырау шалушылар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ) саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сілтеме жасай отырып, жауапкершілікке тартамыз деп психологиялық қысым көрсетеді, кездесулер өткізуді ұсынады.
Бұдан басқа, белгісіз тұлғалар осындай қоңыраулардан кейін нотариустарға өздерін Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырып, тағы да қоңыраулар шалады.
Осыған орай Республикалық нотариаттық палата ресми түрде келесіні мәлімдейді:
1. РНП нотариустарға КЖ/ТҚ/ЖҚҚТҚҚ заңнамасы мәселелері бойынша кездесулер өткізу туралы талап етіп телефон арқылы қоңырау шалмайды.
2. РНП-ның нотариустармен барлық өзара іс-әрекеті белгіленген тәртіппен ресми хат алмасу, аумақтық нотариаттық палаталар немесе ресми байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.
3. РНП қызметкерлері телефон арқылы қызметтік ақпаратты, дербес деректерді, қаржылық операциялар туралы мәліметтерді немесе өзге де құпия деректерді сұратпайды.
Нотариустардан келесіні сұраймыз:
- белгісіз адамдармен келіссөздер жүргізбеңіздер;
- дербес және қызметтік деректерді хабарламаңыздар;
- белгісіз сілтемелерден өтпеңіздер;
- қоңырау шалушының телефон нөмірін жазып алыңыздар;
- алаяқтық белгілері болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласыңыздар.
РНП нотариустарды жоғары қырағылық танытуға және тек ресми ақпаратты басшылыққа алуға шақырады.
Осы хабарлама РНП ресми сайтында орналастырылсын және барлық нотариустардың назарына жеткізілуге тиіс.
