Республикалық нотариаттық палата нотариат қызметі саласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Базалық ұйымының нотариус лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарға, кәсіби әдеп пен тәртіптік жауапкершілік мәселелеріне арналған кезекті вебинарына қатысты.
Вебинар жұмысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан нотариаттарының өкілдері қатысты. Беларусь нотариаттық палатасының төрайымы, нотариат қызметі саласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Базалық ұйымының жетекшісі Елена Гринкевич құттықтау сөз сөйледі.
Вебинар барысында әрбір елдің өкілдері қалай нотариус болуға болады және өздерінің ұлттық нотариат үлгілерін таныстырды. Жоғары заңгерлік білімнің болуы, заң мамандығы бойынша еңбек өтілі, тағылымдамадан өту және біліктілік емтиханын тапсыру сияқты ортақ талаптарға қарамастан, қатысушылар ұлттық заңнаманың бірқатар ерекшеліктеріне тоқталды.
Мәселен, Ресей Федерациясында нотариус мәртебесі конкурстық негізде беріледі. Үміткер тағылымдамадан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, лицензия алғаннан кейін нотариустың көмекшісі болып жұмыс істейді, содан соң бос нотариус лауазымына жарияланған конкурсқа қатысады.
Өзбекстанда нотариустарды конкурстық тәртіппен тағайындау биыл енгізілді. Іріктеу екі кезеңнен тұрады: заңнаманы білуге арналған тестілеу және жағдаяттық тапсырманы шешу мен нотариаттық құжаттың жобасын әзірлеуді қамтитын практикалық емтихан.
Тәжікстанда мемлекеттік нотариат жүйесі жұмыс істейді, сондықтан нотариустар мемлекеттік қызметші мәртебесіне ие. Оларға мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың талаптары қолданылады, оның ішінде кәсіпкерлікпен айналысуға, саяси партияларға мүше болуға және жақын туыстарына қатысты нотариаттық әрекеттер жасауға қойылатын шектеулер бар.
Беларусь, Қырғызстан және Армения өкілдері де нотариус болуға үміткерлерге қойылатын талаптар, кәсіби даярлау ерекшеліктері, кәсіби әдеп кодекстері және нотариат қызметіне деген жоғары сенімді қамтамасыз етуге бағытталған тәртіптік тетіктер туралы баяндады.
Қазақстан Республикасы атынан баяндама жасаған Республикалық нотариаттық палатаның Тәртіптік комиссиясының төрайымы Назира Молдабекова Қазақстан Республикасының 25 жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл еңбек өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл тағылымдамадан өткен, аттестаттаудан өтіп, нотариаттық қызметпен айналысуға лицензия алған азаматы нотариус бола алатынын атап өтті.
Баяндаманың маңызды бөлігі кәсіби әдеп мәселелеріне арналды. Нотариустың негізгі міндеттерінің бірі Әдеп кодексінің талаптарын сақтау екені, ал заңнама мен кәсіби әдеп нормаларын бұзу туралы өтініштер мен шағымдарды нотариаттық палаталардың тәртіптік комиссиялары қарайтыны айтылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген нотариустарды тәртіптік жауапкершілікке тарту негіздері мен лицензиядан айыру жағдайлары таныстырылды.
Вебинардың жеке бөлімі нотариустардың кәсіби әдебіне арналды. ТМД мемлекеттерінің өкілдері ұлттық заңнамалардағы айырмашылықтарға қарамастан, кәсіби әдеп кодекстері заңдылық, тәуелсіздік, бейтараптық, нотариаттық құпияны сақтау, мүдделер қақтығысына жол бермеу және кәсіби міндеттерді адал орындау қағидаттарына негізделетінін атап өтті.
Вебинар қорытындысы бойынша қатысушылар практикалық тәжірибе алмасу нотариаттың ұлттық жүйелерін жетілдіруге, бірыңғай кәсіби тәсілдерді қалыптастыруға және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нотариат қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
