Алматы қаласы нотариаттық палатасының төрайымы, Республикалық нотариаттық палата Басқарма мүшесі Қарагөз Қалабаева нотариаттық қызметті одан әрі цифрландыру мәселелеріне, қашықтық форматта нотариаттық қызметтер көрсету перспективаларына, сондай-ақ «Нотариат туралы» заңнамаға енгізілетін өзекті өзгерістерді талқылауға арналған 24KZ телеарнасының News Talk бағдарламасының тікелей эфиріне қатысты.
Сұхбат барысында Қарагөз Қалабаева заң жобасында ұсынылған нотариаттық қызметтерді қашықтықтан көрсетуді кеңейту тәсілдері ақпараттық қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан жан-жақты талдауды талап ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, Алматының нотариаттық қоғамдастығы цифрлық технологияларды дамытуды қолдайды, алайда одан әрі цифрландыру дербес деректерді, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғаудың сенімді тетіктерімен, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етумен қатар жүруі тиіс деп санайды.
Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің (БНАЖ) жұмыс істеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жүйе жетілдіруді және одан әрі техникалық дамытуды қажет етеді. Атап айтқанда, нотариустар ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу кезінде жиі техникалық ақаулар мен шектеулерге тап болады, бұл олардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
«Нотариаттық қызметті толық цифрландыру және қашықтықтан нотариаттық қызметтер көрсетуді кеңейту мәселелері барынша сараланған түрде қаралуға тиіс. Ең алдымен, ақпаратты қорғаудың жоғары деңгейін, ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын және жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті Қарагөз Қалабаева.
Заңнамалық бастамаларды талқылау барысында Алматы қаласы нотариаттық палатасының төрайымы нотариустар санын ұлғайту және саладағы бәсекелестікті күшейту мәселесі бойынша да өз пікірін білдірді.
Оның пікірінше, егер нотариаттық қызметтердің қолжетімділігін тек сұраныс пен ұсыныстың нарықтық тетіктері арқылы қамтамасыз ету көзделсе, онда мұндай тәсіл нотариаттың құқықтық табиғатын ескере отырып, қосымша талқылауды талап етеді.
«Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңы нотариаттық қызметтің кәсіпкерлік қызмет болып табылмайтынын тікелей көздейді. Сондықтан нотариат қызметін тек нарықтық бәсекелестік тұрғысынан бағалау оның жария-құқықтық функциясына толық сәйкес келмейді», – деп атап өтті ол.
Қарагөз Қалабаева Алматы қаласында мыңға жуық нотариус қызмет атқарып жатқанын және олардың санын одан әрі ұлғайтудың өзі қызмет көрсету сапасын арттыруға кепілдік бермейтінін айтты. Керісінше, нотариустар санының шамадан тыс артуы жосықсыз бәсекелестіктің күшеюіне және көрсетілетін құқықтық көмектің сапасына теріс әсер етуі мүмкін деп сөз сөйледі.
Палата төрайымы атқарушылық жазбалар мәселесіне де жеке тоқталды. Бұл мәселе соңғы уақытта кең қоғамдық талқылаудың тақырыбына айналып отыр. Оның айтуынша, көптеген сыни пікірлер нотариаттық іс-әрекеттер жасау тәртібі мен қолданыстағы заңнаманы жеткілікті деңгейде түсінбеумен байланысты. Нотариус атқарушылық жазба жасаған кезде «Нотариат туралы» Заңының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптары шеңберінде қатаң әрекет етеді.
«Нотариус өз бетінше шешім қабылдамайды, азаматтардың банктік шоттарын бұғаттамайды және мәжбүрлеп орындау шараларын қолданбайды. Барлық нотариаттық іс-әрекеттер заңнамада белгіленген тәртіппен ғана жүзеге асырылады», – деп атап өтті Қарагөз Қалабаева.
Ол сондай-ақ борышкерлердің құқықтарын шектеу, шоттарға тыйым салу және мәжбүрлеу сипатындағы өзге де шаралар жеке сот орындаушылары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жататынын және заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылатынын айтты.
Қарагөз Қалабаеваның пікірінше, халықты несиелендіру және азаматтардың берешегінің өсуі мәселесі кешенді тәсілді талап етеді және оны тек нотариустардың қызметімен байланыстырып қарауға болмайды.
«Халықтың кредиттелуі мен кредиттік пайыздық мөлшерлемелерге қатысты мәселелерді шешу Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, Ұлттық Банктің, қаржы реттеуші органдардың және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жүйелі шараларды талап ететін кешенді әлеуметтік-экономикалық проблема», – деп атап өтті ол.
Басқарма мүшесі нотариаттық қоғамдастықтың заңнаманы жетілдіру және нотариатты дамыту мәселелері бойынша кәсіби диалогқа әрдайым ашық екенін атап өтті.
Нотариаттық қоғамдастық өкілдерінің пікірінше, жаңа цифрлық сервистерді енгізу, нотариаттық заңнаманы жетілдіру және нотариат институтын дамыту ақпараттық қауіпсіздік, азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүдделерін қорғау талаптарын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуға тиіс.
Қазіргі заманғы цифрлық технологияларсыз нотариатты одан әрі дамыту мүмкін емес. Алайда нотариаттық іс-әрекеттер жасауға байланысты барлық процестердің заңдылығын, сенімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді.
