Бүгін, 2026 жылғы 9 маусымда Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов 24KZ телеарнасындағы «News Talk» бағдарламасына қатысты. Бағдарлама жүргізушісі Динара Жанбатыровамен сұхбат барысында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының қарауына жолданған «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.
Эфир барысында атқарушылық жазба институтын жетілдіру, нотариаттық қызметтің ашықтығын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері қозғалды.
Олег Полумордвинов атқарушылық жазбаларды нотариустар арасында автоматты түрде бөлу тетігін енгізу ықтимал теріс пайдаланудың алдын алуға және берешекті өндіріп алу рәсіміне деген сенімді арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, бұл жаңашылдықтың тиімділігі жүйе алгоритмдерінің ашықтығына, бақылау тетіктерінің болуына және тиісті цифрлық инфрақұрылымның дайындығына байланысты болатынын айтты.
Сондай-ақ берешектің даусыздығын растауға қойылатын талаптарға ерекше назар аударылды. РНП төрағасының айтуынша, атқарушылық жазба борышкердің қарызды мойындағанын растайтын құжаттар болған жағдайда ғана жасалуы мүмкін. Мұндай құжаттар болмаған жағдайда дау сот тәртібімен қаралуы тиіс.
Эфирде ақпараттық қауіпсіздік мәселелері, нотариустардың электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ дербес деректерді қорғауға байланысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілігі де талқыланды. Нотариаттың цифрландырылуы жағдайында жауапкершілікті күшейту заңды әрі орынды қадам екені атап өтілді.
Нотариаттық әрекеттердің Бірыңғай электрондық архивін құру туралы айта келе, Олег Полумордвинов бұл бастама нотариаттық құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге және электрондық сервистерді одан әрі дамытуға бағытталғанын жеткізді. Сонымен бірге азаматтардың өздеріне қатысты жасалатын заңдық маңызы бар әрекеттер туралы ақпаратты уақытылы алу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды бағыт болып қала беретінін атап өтті.
Талқылауды қорытындылай келе, Олег Полумордвинов жүргізіліп жатқан реформалардың басты міндеті заңдылықты, әділдікті және нотариат институтына деген сенімді қамтамасыз ете отырып, азаматтардың, өндіріп алушылардың және нотариустардың мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау деп айтты.
«News Talk» бағдарламасының жазбасы 24KZ телеарнасының ресми интернет-ресурстарында қолжетімді.
