Астана қаласында Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының 10 жылдығына орай «ХХІ ғасырдағы судьялардың үздіксіз білім алуы: сот төрелігінің сапасын арттырудың негізі ретінде ғылым мен практиканың интеграциясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар судьялардың үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіру, жас ғалымдардың зерттеу әлеуетін дамыту, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерін құқық қолдану практикасына енгізу мәселелерін талқылады.
Іс-шара жұмысына мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ шетелдік әріптестер қатысты.
Конференция жұмысына Республикалық нотариаттық палатадан төрағасы Олег Полумордвинов және атқарушы директоры Гүлнара Рыспекова қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев, Өзбекстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Холмумин Едгоров, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов құттықтау сөзбен ашты. Академияны Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Германиядан келген серіктес жоғарғы оқу орындары құттықтады.
Панельдік сессиялар шеңберінде судьяларды даярлауда ғылым мен практиканы интеграциялау, азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізуді дамыту мәселелері, сондай-ақ цифрлық активтермен, криптовалюталармен және виртуалды объектілермен байланысты істерді қоса алғанда, құқық қолданудың қазіргі заманғы бағыттары қаралды.
Талқыланатын тақырыптар нотариаттық қоғамдастық үшін де, әсіресе жаңа құқықтық институттарды дамыту және цифрландыру контекстінде де қызығушылық тудырады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 14 шілдесінде Астанада Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі Академиясы мен Республикалық нотариаттық палата арасында білім беру және ғылыми-зерттеу қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар академияның мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов «Сот төрелігі академиясына 10 жыл» медалімен марапатталды.
