
Қаныш Сәтбаевтың әулеті: ұрпақ жадындағы аманат
Қаныш Сәтбаевтың туысы, Астана қаласының нотариусы Жібек Аминова үшін әулет аманатын сақтау нені білдіреді?
2025 жылы Астана қаласының нотариусы Жібек Мазетайқызы Аминова Баянауыл ауданының Теңдік ауылы маңындағы Айрыққа арнайы барды.
Бұл жерде Сәтбай әулетінің бірнеше өкілі мәңгілік тыныс тапқан. Бір қорымда Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай, анасы Әлима және немере ағасы Ғазали жерленген. Осы мекенде Жібектің әкесі Мазетайдың туған ағасы Әутайыр Зейінұлының да зираты бар.
Әутайыр атаның артында тікелей ұрпақ қалмаған. Сондықтан Жібек оның басына ескерткіш тас орнатуды өзінің перзенттік парызы деп санады.
«Әутайыр Зейінұлы – менің әкемнің туған ағасы. Ол кісінің баласы болмағандықтан, «артында ұрпағы жоқ екен» деп, есімі ұмыт қалмасын деген ниетпен басына ескерткіш тас орнаттым. Әулеттің бірде-бір адамын ұмыт қалдырмау кейінгі ұрпақтың міндеті деп ойлаймын», - дейді Жібек Аминова.
Бір қарағанда, бұл – зират басына қойылған ескерткіш қана. Ал шын мәнінде, ол бірнеше буынды жалғаған үнсіз аманат еді.
Жібек Аминованың әкесі Мазетай – Қаныш Сәтбаевтың немере інісі.
«Қаныш ата менің әкем Мазетайға немере аға болады. Олардың әкелері Имантай мен Зейін туған ағайынды, Сәтбай атаның ұлдары», - деп түсіндіреді нотариус.
Сәтбай бабаның төрт ұлы болған: Имантай, Жәмін, Зейін және Әмін. Қаныш Сәтбаев Имантай атаның ұрпағы болса, Зейін атаның Әбікей, Әбдрахман, Қима, Әутайыр және Мазетай есімді ұлдары болған.
Әулет тарихында Зейіннің үлкен ұлы, Мазетайдың туған ағасы Әбікей Зейінұлының да орны ерекше. Ол 1886 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын тәмамдап, Баянауыл мектебінде мұғалім болып, балаларға орыс тілінен сабақ берген.
«Тарихи деректерге сүйенсек, Қаныш Сәтбаев 1962 жылы Принстон университетіне жолдаған сауалнамадағы «Білім алуыңызға кімге қарыздарсыз?» деген сұраққа жауап берген. Сол кезде ол 1937 жылы репрессияға ұшыраған, Алаш қозғалысы өкілдерінің бірі болған ағасы туралы алғаш рет айтып: «Оқуға түсуіме ескі интеллигенция өкілі Әбікей ағамның көмегі тиді», - деген екен», - дейді Жібек Мазетайқызы.
Сондықтан Жібек үшін Қаныш Сәтбаев – тек оқулықтан таныған ұлы тарихи тұлға емес. Оның есімі отбасындағы үлкендердің әңгімесімен, Баянауылмен, Айрықтағы ата қорымымен және әулет жадын сақтау жауапкершілігімен сабақтас.
1959 жылы Қаныш Сәтбаев туған ауылына соңғы рет келіп, ата-анасының рухына тағзым етіп, ас берген.
Айрықтың кең даласын аралап, туған жерімен қимай қоштасқан ғалым Жанақ ақынның «Баянтау» дастанын жатқа оқыған деседі. Сол сәтте оның жанары жасқа толып, қатты толқыған екен.
Бұл Қаныш Сәтбаевтың туған өлкесіне жасаған соңғы сапары болды.
Ол кезде ғалымның есімі Қазақстанның геологиясымен, өндірісімен және ғылымымен тұтасып кеткен еді. Қаныш Сәтбаев Жезқазғандағы мол мыс қорын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, Сарыарқаның металлогендік картасын жасауға жетекшілік етті. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырып, оның тұңғыш президенті болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында оның жетекшілігімен Жезді марганец кені қысқа мерзімде барланып, өндіріске қосылды. Бұл кен танк сауытын жасауға қажетті марганец тапшылығын өтеуде айрықша рөл атқарды.
Алайда қанша биікке көтерілсе де, Қаныш Сәтбаев үшін Баянауыл жай ғана туған жер болып қалған жоқ. Бұл әкесі мен анасы жатқан, балалық шағының ізі қалған, әр оралған сайын жүрегін елжіреткен қасиетті мекен еді.
Сәтбай әулетінің тарихында ғылыммен қатар әділ төрелік дәстүрі де бар.
Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай Сәтбайұлы ел ішіндегі дауларды шешкен беделді би болған. Ол 1887 жылдан бастап Ақкелін болысында 14 жыл қатарынан халық судьясы қызметін атқарған. Оның отбасы мен неке, жер пайдалану мәселелерін және соларға байланысты дауларды қарағаны жөнінде тарихи деректер сақталған.
Павлодар облыстық сотының музейінде Имантай Сәтбайұлына тиесілі «Народный судья» төсбелгісі сақтаулы тұр. Алтын түстес белгінің бір бетінде сол кездегі Семей губерниясының таңбасы – түйе мен ай бейнеленген. Екінші бетіне «25 наурыз 1891 жыл» деген жазу түсірілген.
Ел аузындағы әңгімелерде Имантай мал-мүлік жинауды емес, алдына келген адамдарға әділ төрелік айтуды мақсат еткен би ретінде сипатталады. Халықтың оны бірнеше рет қайта сайлауы да оның беделі мен абыройының кездейсоқ болмағанын аңғартады.
Әділдік жолын жас Қаныш Сәтбаев та жалғастырды. Ол 1920-1921 жылдары Баянауыл ауданындағы 10-учаскенің халық судьясы қызметін атқарған.
Арада бір ғасырдан астам уақыт өткенде осы әулеттің өкілі Жібек Аминова да заң саласын таңдап, нотариус атанды.
Әрине, кешегі бидің қызметі мен бүгінгі нотариаттың құқықтық табиғаты бірдей емес. Би дауды шешсе, нотариустың міндеті азаматтардың құқықтарын қорғауға жәрдемдесу және ықтимал құқықтық даулардың алдын алу.
Дегенмен оларды байланыстыратын ортақ құндылықтар бар. Олар: адамды мұқият тыңдау, оның шынайы еркін анықтау, құқықтарының бұзылуына жол бермеу және заң аясында әділ әрекет ету.
«Имантай атамыздың халық судьясы болғанын білгенде, әулет тарихындағы әділдік ұғымына басқаша қарай бастайсың. Нотариустың міндеті – тараптардың бірін қолдау емес, заң талаптарын сақтай отырып, азаматтардың шынайы еркін анықтау. Әрбір құжаттың артында адамның тағдыры тұрады», - дейді Жібек.
Қаныш Сәтбаев туралы айтылатын белгілі естеліктердің бірі оның 1947 жылы Англияға жасаған сапарымен байланысты.
Кең тараған нұсқа бойынша, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль бойы сұңғақ қазақ ғалымын көріп:
- Қазақтардың бәрі сіз сияқты алып па? – деп, сұраған.
Сонда Қаныш Сәтбаев:
- Жоқ, Черчилль мырза, мен қазақтардың ішіндегі ең кішісімін. Менің халқым менен де биік, - деп, жауап берген екен.
Бұл әңгіменің бірнеше нұсқасы айтылғанымен, оның мәні Қаныш Сәтбаевтың болмысын дәл бейнелейді. Ол өзінің жетістігін ешқашан халқынан биік қойған емес. Ғылымды жеке мансап құралы емес, елдің дамуына қызмет ететін күш деп білді.
Қаныш Сәтбаев тек геолог болған жоқ. Ол қазақ мектептеріне арналған алгебра оқулығын дайындады, Жезқазған – Ұлытау өңірінің тарихи және этнографиялық мұрасын жинады.
Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинағына Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы 25 ән енгізіліп, оларға ғалымның ғылыми түсініктемелері берілген.
Оның тұлғасында ғылым, мәдениет, тарих және елге қызмет ету мұраты тоғысты.
Ұлы адамның туысы болу тек мақтаныштан тұрмайды. Бұл оның атына сүйену емес, тұтас әулеттің жадына жауап беру.
Жібек Аминованың Әутайыр атасының басына ескерткіш орнатуы – осы жауапкершіліктің қарапайым, бірақ мағынасы терең көрінісі.
Әутайыр Зейінұлы Ғылым академиясын басқарған жоқ. Оның атымен қала немесе көше аталмады. Артында тікелей ұрпағы да қалмады. Бірақ ол Сәтбай әулетінің бір перзенті еді. Сондықтан Жібек үшін оның есімі де ұмыт қалмауға тиіс.
«Қаныш атамыздың мұрасы бүкіл халыққа ортақ. Ал әулеттің ішкі тарихын, ата-бабаларымыздың есімдерін сақтау, біздің міндетіміз. Менің түсінігімде, ұлы адамдарды құрметтеу олардың жанында болған, бір әулеттің жүгін бірге көтерген жандарды да ұмытпау», - дейді нотариус.
Мүмкін ұрпақтар сабақтастығы дәл осындай әрекеттерден басталатын шығар.
Бір ұрпақ жер қойнауының байлығын зерттеп, ел ғылымының негізін қалайды. Екінші ұрпақ заң саласында азаматтардың құқықтарын бекітіп, ықтимал даулардың алдын алуға қызмет етеді.
Оларды жалғайтын нәрсе – атақ немесе мамандық емес, өзіне жүктелген міндетті адал атқару.
Айрықтағы ескерткіш тас та осыны үнсіз айтып тұрғандай: адам өмірден өтеді, ал оның есімі кейінгі ұрпақтың жадында сақталса, әулет шежіресі үзілмейді.
