2026 жылғы 7 қазанда онлайн форматта Республикалық нотариаттық палата Басқармасының отырысы өтті. Отырыста нотариаттық ақпараттық жүйені сенімгерлік басқару, РНП жұмыс жоспарының орындалуы және кезектен тыс Съезге дайындық мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің нотариаттық ақпараттық жүйені РНП-ның сенімгерлік басқаруына беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу ниеті жөніндегі хабарламасы болды.
Бұған дейін «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-1-бабының 8-тармағында жүйені «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен РНП-ның сенімгерлік басқаруына беру көзделген еді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 шілдедегі № 343-VIII Заңымен аталған норма алып тасталды. Өзгерістер 2026 жылғы 8 қыркүйекте күшіне енді. Осы заңнамалық өзгерістерге байланысты Әділет министрлігі тиісті хабарлама жолдады.
Талқылау қорытындысы бойынша Басқарма хабарламаны назарға алып, Әділет министрлігі мен жаңа оператор Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйенің (БНЦЖ) тоқтаусыз жұмыс істеуін және нотариустардың жүйеге үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз еткен жағдайда шартты мерзімінен бұрын бұзуға қарсылық білдірмеу туралы шешім қабылдады.
Сенімгерлік басқару тоқтатылғаннан кейін жүйені техникалық сүйемелдеуді РНП есебінен қаржыландыру мәселесі құқықтық және экономикалық негіздеме болған кезде бөлек қаралатын болады.
Сондай-ақ Басқарма мүшелері РНП-ның 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы ақпаратты назарға алып, жоспарға ұсынылған өзгерістерді бекітті.
РНП-ның XXI кезектен тыс Съезін 2026 жылғы 23 желтоқсанда онлайн форматта өткізу туралы шешім қабылданды. Әрбір аумақтық нотариаттық палатадан үш делегат қатысатын өкілдік нормасы бекітілді.
РНП Жарғысының жаңа редакциясын және аумақтық нотариаттық палата Жарғысының үлгісін әзірлеу үшін РНП Төрағасының жетекшілігімен Басқарма мүшелерінен жұмыс тобы құрылды. Дайындалған жобалар алдымен Басқарманың қарауына, одан кейін XXI кезектен тыс Съезге ұсынылады.
Республикалық нотариаттық палата Басқармасының отырысы өтті
- Подробности
- Просмотров: 57
