Бүгін, 2026 жылғы 5 тамызда, Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University-де «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесіндегі нотариаттың рөлі: Қазақстан мен Францияның тәжірибесі» тақырыбында алтыншы Қазақстан-Франция семинары өтті.
Іс-шара Қазақстанның Республикалық нотариаттық палатасы мен Франция нотариаты Жоғары кеңесінің ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылды.
Семинардың басында Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов екі ел нотариаттары арасындағы кәсіби тәжірибе алмасудың практикалық маңызын атап өтті.
Франция нотариаты Жоғары кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша делегаты, құрметті нотариус Антуан Дежуа да құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Франция нотариаттарының 2026 жылға арналған бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындайтын Ынтымақтастық туралы келісімге жыл сайынғы қосымшаға қол қойылды.
Антуан Дежуа «Құпия, күмән және сенім: КЖ/ТҚ саласындағы нотариустың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол нотариустың кәсіби құпияны сақтау міндеті мен нотариаттық әрекеттерді жасау кезінде тиісті қырағылық таныту міндетінің арақатынасын қарастырды.
Француз сарапшысының айтуынша, кәсіби құпия нотариус пен азамат арасындағы сенімнің негізі болып табылады. Алайда ол қылмыстық жолмен алынған қаражатқа заңды сипат беруге мүмкіндік жасайтын құралға айналмауға тиіс. Нотариус полицияның немесе соттың міндетін атқармайды және клиенттің кінәлі не кінәсіз екенін анықтамайды. Оның міндеті - қаражаттың шығу тегін, операцияның экономикалық мәнін және берілген түсініктемелердің істің мән-жайларына сәйкестігін анықтау.
Антуан Дежуа күдікті операция туралы хабарламаға ерекше назар аударып, оның кінәні мойындау немесе құқық бұзушылық жасады деп айыптау болып саналмайтынын атап өтті. Мұндай хабарлама мамандандырылған органға әдеттен тыс немесе экономикалық тұрғыдан негізсіз операцияны қосымша тексеруге мүмкіндік береді.
Баяндамашы кәсіби құзыреттілікке, заманауи тексеру құралдарын пайдалануға және тәуекелге бағдарланған әдістемені қолдануға негізделген француз тәсілі туралы да айтып берді. Цифрлық шешімдердің дамуына қарамастан, клиентпен жеке әңгімелесу нотариустың негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Ол адамның шынайы еркін түсінуге және ықтимал сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Франция нотариаты Жоғары кеңесінің халықаралық делегаты, Мёдон қаласының нотариусы Тьерри Вашон «Нотариаттық практикадағы күнделікті КЖ/ТҚ шаралары» тақырыбында сөз сөйледі. Ол нотариустың күнделікті жұмысында қаржылық мониторинг талаптарын орындауға қатысты француз нотариатының практикалық тәсілдерін таныстырды.
Нотариаттық практикада қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылдың қазақстандық моделін Астана қаласының нотариусы Санжар Кенжеғали таныстырды.
Ол қылмыстық кірістердің қаржылық операцияларды жүргізу үшін ғана емес, сырттай заңды әрі даусыз құқықтық тарихы бар мүлікті сатып алу үшін де пайдаланылуы мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты нотариус ақшалай қаражат заңды түрде рәсімделген меншік құқығына айналатын кезеңде маңызды рөл атқарады.
Санжар Кенжеғали Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі, Әділет министрлігі және Республикалық нотариаттық палата арасындағы өкілеттіктердің бөлінуі, сондай-ақ нотариустың ішкі бақылау қағидалары туралы айтып берді.
Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруге, Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы тексеруге, тәуекел деңгейін бағалауға, тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шараларын қолдануға, сондай-ақ операцияларды бақылауға ерекше назар аударылды.
Баяндамашы тәуекелдің жоғары деңгейі операцияның өздігінен күдікті екенін білдірмейтінін атап өтті. Мұндай жағдайда неғұрлым мұқият тексеру жүргізу, қаражаттың шығу тегін және мәміленің экономикалық мәнін зерделеу, сондай-ақ нотариус қабылдаған шешімді құжаттау қажет.
Таныстырылым барысында шекті, әдеттен тыс және күдікті операциялардың белгілері, күдікті қызмет ұғымы, Қаржылық мониторинг агенттігіне мәліметтер жіберу негіздері және заңнама талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілік мәселелері де қарастырылды.
Семинар жұмысына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды, Алматы, Ақмола, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Абай облысының нотариустары қатысты.
Әр баяндамадан кейін қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, КЖ/ТҚ саласындағы міндеттерді орындау кезінде нотариаттық практикада туындайтын жағдайларды талқылады.
Алтыншы Қазақстан-Франция семинары екі ел нотариаттары арасындағы жүйелі кәсіби диалогтың жалғасы болды және Қазақстан мен Францияның нотариаттық рәсімдерді құқыққа қайшы мақсаттарда пайдаланудан қорғау тәсілдерін салыстыруға мүмкіндік берді.
