Астанаға Франция нотариаты Жоғары кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша делегаты, құрметті нотариус Антуан Дежуа бастаған делегация келді.
Делегация құрамына Франция нотариаты Жоғары кеңесінің халықаралық делегаты, Мёдон қаласының нотариусы Тьерри Вашон да кірді.
Француз әріптестерін Қазақстан Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов қарсы алды.
Сапар аясында Франция нотариаты Жоғары кеңесінің өкілдері Астана қаласының нотариусы Қадырқызы Бақытгүлдің кеңсесіне барды. Қонақтар нотариаттық кеңсенің жұмысын ұйымдастыру тәртібімен және қазақстандық нотариустың практикалық қызметімен танысты. Кездесу барысында нотариаттық әрекеттерді жасаудың ерекшеліктері талқыланып, жұмыс орнында кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды.
Сапар Қазақстан Республикалық нотариаттық палатасы мен Франция нотариатының Жоғары кеңесі арасында 2017 жылғы 19 қыркүйекте жасалған Ынтымақтастық туралы келісім аясында өтуде.
Сапардың мақсаты – екіжақты кәсіби диалогты жалғастыру, нотариаттық практиканың өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасу, алтыншы бірлескен вебинарды өткізу, сондай-ақ 2026 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасын айқындайтын қосымша келісімге қол қою.
Ертең, 5 тамызда, Астанада «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесіндегі нотариаттың рөлі: Қазақстан мен Францияның тәжірибесі» тақырыбында алтыншы Қазақстан–Франция вебинары өтеді.
Іс-шараны Қазақстан Республикалық нотариаттық палатасының төрағасы Олег Полумордвинов пен Франция нотариаты Жоғары кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша делегаты Антуан Дежуа ашады.
Вебинар барысында екі елдің өкілдері нотариустың КЖ/ТҚ жүйесіндегі рөлін, кәсіби құпия, сенім және тәуекелдерді бағалау мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Франция нотариустарының күнделікті қызметінде қолданылатын практикалық тәсілдерді талқылайды.
Француз тарапы атынан Антуан Дежуа мен Тьерри Вашон баяндама жасайды. Нотариаттық практикада қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылдың қазақстандық моделін Астана қаласының нотариусы Санжар Кенжеғали таныстырады.
Вебинар басталар алдында қолданыстағы Ынтымақтастық туралы келісімге қосымша келісімге қол қою рәсімі өтеді. Құжатта Қазақстан мен Франция нотариаттарының 2026 жылға арналған бірлескен жұмысының негізгі бағыттары, соның ішінде білім беру және кәсіби іс-шараларды өткізу, екіжақты кездесулер ұйымдастыру және нотариаттық қызметтің өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасу көзделген.
Қазақстан Республикалық нотариаттық палатасы мен Франция нотариаты Жоғары кеңесінің ынтымақтастығы кәсіби байланыстарды нығайтуға, халықаралық тәжірибе алмасуды дамытуға және заңдылық пен құқықтық айқындықты қамтамасыз етудегі нотариаттың рөлін арттыруға ықпал ететін тәжірибелерді зерделеуге бағытталған.
