Нотариат күні Республикалық нотариаттық палата «Заң газетімен» бірлесіп жаңа ақпараттық-ағартушылық жобаны – «Қателесуге құқық жоқ» атты тұрақты айдарды бастады.
Жаңа айдар нотариустардың күнделікті қызметіне арналған және оқырмандарға нотариаттық қызметтің тек құжаттарды куәландырумен шектелмейтінін, азаматтардың құқықтарын қорғаудың, алаяқтықтың алдын алудың және құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін көрсетуді мақсат етеді.
Айдардың алғашқы материалы нотариусқа жүгінген кезде көпшілікті толғандыратын: «Неліктен нотариус "артық" сұрақтар қояды?» деген сұраққа жауап береді.
Жарияланымда нақты мысалдар арқылы нотариустың қосымша сұрақтары жай ғана формалдылық емес, адамның өз еркімен, саналы түрде әрекет етіп отырғанына және алдау мен қысымның ықпалында еместігіне көз жеткізуге мүмкіндік беретін кәсіби міндет екені көрсетілген. Көп жағдайда нотариустың мұқияттылығы мүліктік шығындардың алдын алып, азаматтарды алаяқтық әрекеттерден қорғауға көмектеседі.
Айдар Республикалық нотариаттық палатаның қолдауымен жарық көреді.
Айдардың дәл Нотариат күнінде басталуы символдық мәнге ие. Бұл қоғамға нотариустың рөлін кеңінен таныстыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және әрбір нотариаттық әрекеттің артында адамның заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға деген жауапкершілік тұрғанын көрсетуге берілген тағы бір мүмкіндік.
Республикалық нотариаттық палата «Заң газеті» редакциясына ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреді және жаңа айдар оқырмандармен ашық диалог орнатуға әрі нотариат институтына деген сенімді нығайтуға ықпал ететін пайдалы алаңға айналады деп сенеді.
