
11 шілде күні Ақмола облысының Зеренді ауылындағы «Зерен-Нұр» шипажай-сауықтыру кешенінде нотариат қызметінің өзекті мәселелеріне, заңнамадағы өзгерістерге және нотариустардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған Ақмола облысы нотариустарының конференциясы өтті.
Конференция қатысушыларына Ақмола облыстық нотариаттық палатасының төрайымы Гүлжан Мұратқызы Кубитаева құттықтау сөз сөйлеп, кәсіби диалогты тұрақты түрде дамыту мен практикалық тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов нотариат қызметінің өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады. Өз сөзінде ол заңнамадағы негізгі өзгерістерді, нотариатты дамытудың заманауи бағыттарын, сондай-ақ нотариустардың күнделікті қызметінде туындайтын мәселелерді қамтыды. Сонымен қатар конференция қатысушыларының сұрақтарына жан-жақты жауап берілді.
Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнара Рыскепова Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2026 жылғы 20 мамырдағы №4 Нормативтік қаулысының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілуіне байланысты соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдану мәселелері жөнінде түсіндірме берді.
Бағдарламаны Астана қаласының нотариусы, Республикалық нотариаттық палатаның аккредиттелген оқытушысы Санжар Кенжеғали жалғастырып, нотариат қызметіндегі қаржылық мониторингтің өзекті мәселелеріне тоқталды.
Конференцияның жеке бөлімі нотариаттың қоғаммен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Саяси ғылымдарының докторы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Анар Бухаева Ақмола облысындағы әлеуметтік ахуалға талдау жасап, өңір нотариустарының практикалық қызметі үшін өзекті мәселелерді атап өтті.
Конференция соңында нотариустар командалық форматта «Брейн-ринг» зияткерлік ойынымен аяқталды.
Осындай іс-шараларды өткізу нотариустардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға, заңнаманы қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға және нотариат қауымдастығының мемлекеттік органдармен әрі сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимылын нығайтуға ықпал етеді.
