2026 жылғы 28 мамырда Ресей Федерациясының Мәскеу облысы Истра қаласында Мәскеу облыстық нотариаттық палатасының тұңғыш президенті Владимир Челышевтің құрметіне арналған III Халықаралық ғылыми-практикалық «Челышев оқулары» конференциясы өтті.
Іс-шараны Ресей Федерациясының Федералдық нотариаттық палатасы ұйымдастырды. Конференция нотариат қауымдастығының өкілдерін, ғылыми орта мен заң практикасының мамандарын біріктірді. Талқылаудың негізгі тақырыптары нотариустардың дәлелдемелерді қамтамасыз ету мәселелері, оларды сот процесінде пайдалану, сондай-ақ нотариаттық және сот актілерінің арақатынасы болды.
Қазақстан Республикасының атынан конференцияға Алматы қаласының нотариусы Алтынай Макешева қатысып, «Қазақстандағы дәлелдемелерді қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ол дәлелдемелерді қамтамасыз ету саласындағы қолданыстағы заңнаманы, нотариаттық әрекеттің осы түрін қолдану тәжірибесін және оның даму үрдістерін жан-жақты таныстырды.
Баяндамада қоғамдық қатынастардың цифрландырылуы жағдайында дәлелдемелерді қамтамасыз ету институтына деген сұраныстың едәуір артқаны атап өтілді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда дәлелдемелерді қамтамасыз ету жөніндегі өтініштердің саны 340 пайызға өскен. Қазіргі уақытта мұндай өтініштердің шамамен 95 пайызы электрондық дәлелдемелерді тіркеуге қатысты.
Сонымен қатар азаматтық істердің шамамен 87 пайызында электрондық дәлелдемелер пайдаланылатыны айтылды. Нотариустар тарапынан жиі қамтамасыз етілетін дәлелдемелер қатарына мессенджерлердегі хат алмасулар, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар, электрондық хаттар және интернет-сайттар жатады
Алтынай Макешева Қазақстандағы дәлелдемелерді қамтамасыз ету институтының берік заңнамалық негізге ие екенін және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазақстан нотариустары заттай, жазбаша және электрондық дәлелдемелерді қарайды, азаматтардан жауап алады, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда сараптама тағайындай алады.
Конференция қатысушыларының ерекше қызығушылығын электрондық дәлелдемелерді қамтамасыз ету мәселелері мен Қазақстанның сот тәжірибесі тудырды. Атап айтқанда, ерекше жағдайларда екінші тарапты хабардар етпей дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы мәселелер бойынша құқықтық ұстанымдары талқыланды.
Өз баяндамасында қазақстандық өкіл дәлелдемелерді қамтамасыз ету институтын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Олардың қатарында электрондық дәлелдемелерді реттеуді жетілдіру, оларды тіркеудің бірыңғай стандарттарын әзірлеу және нотариустардың цифрлық даярлығын арттыру қажеттілігі аталды. Перспективалы бағыттар ретінде нотариаттың цифрлық платформалармен интеграциясы және нотариустардың цифрлық криминалистика саласындағы құзыреттерін дамыту көрсетілді.
Конференция барысында Беларусь, Армения және Қырғыз Республикасы нотариаттарының өкілдері де баяндама жасап, өз елдеріндегі дәлелдемелерді қамтамасыз ету институтын қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстан Республикасы өкілдерінің осындай халықаралық кәсіби іс-шараларға қатысуы тәжірибе алмасуға, үздік шетелдік тәжірибелерді зерделеуге және құқықтық саланың цифрлық трансформациясы жағдайында нотариат қызметін дамытудың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.
