2026 жылғы 5 маусымда Республикалық нотариаттық палата Maqsut Narikbayev University (MNU) Құқық жоғары мектебінің Бизнес кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шара заңгерлік білім беруді трансформациялау және құқық саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне арналды.
Отырысқа университет басшылығы, заң қауымдастығының, бизнес өкілдері мен MNU серіктестері қатысты. Кездесу барысында 2025–2026 оқу жылының қорытындылары шығарылып, Құқық жоғары мектебінің жаңа білім беру бастамалары таныстырылды, сондай-ақ заңгерлік кәсіптің дамуындағы заманауи үрдістер талқыланды.
Қатысушылар жасанды интеллектіні құқық саласында қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды. «Заңгерлік қызметте жасанды интеллектіні пайдалану тәжірибесіне шолу» атты сессия аясында серіктес ұйымдардың өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, заңгерлік қызметтердің цифрлық трансформациясының келешегін, сондай-ақ жаңа технологиялардың болашақ заңгерлерді даярлау үдерісіне ықпалын талқылады.
Пікірталас барысында нотариаттық қызметте жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері де қозғалды. Қатысушылар цифрландыру мен заманауи технологиялық шешімдер нотариат қызметінің жекелеген үдерістерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін, сонымен қатар нотариаттың заңдылық, сенімділік және азаматтардың құқықтарын қорғау сияқты негізгі қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Республикалық нотариаттық палата заңгерлік білім беруді дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге және академиялық орта мен заң практикасы өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайды. Осындай іс-шараларға қатысу тәжірибе алмасуға және технологиялық прогресс жағдайында заңгерлік кәсіпті одан әрі дамытуға арналған тиімді тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етеді.
