Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен пленарлық отырыста нотариат қызметі мәселелері жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы нотариат саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге және құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтилесов қолданыстағы реттеу моделі нотариаттың жария-құқықтық табиғатын толық ескермейтінін және әділет органдарының құқық бұзушылықтар мен азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мүмкіндіктерін шектейтінін атап өтті.
Осыған байланысты мемлекеттік бақылау тәртібін тікелей «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекіту ұсынылуда.
Заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі – атқарушылық жазбаны борышкердің тіркелген жері бойынша ғана жасау туралы норма. Борышкердің тұрғылықты жері өңірінің сәйкессіздігі анықталған жағдайда, атқарушылық жазбаны автоматты түрде бұғаттау тетігі қолданылатын болады.
Сонымен қатар, заң жобасында нотариустардың атқарушылық жазбаның көшірмесін борышкерге электрондық үкімет порталы және жеткізілгені тіркелетін SMS-хабарламалар арқылы жолдау міндеті көзделген.
Сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу қозғалған немесе борышкердің қарсылығы белгіленген мерзімді бұза отырып берілген жағдайда, нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартуға міндетті деп ұсынылған.
Заң жобасында нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де мүдделі тұлғалармен байланысу фактілерін болдырмау үшін алдын алу мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариаттық іс-әрекеттер жасауға қосымша шектеулер енгізу көзделіп отыр.
Заң жобасын қарау Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода жетекшілік ететін жұмыс тобы аясында жалғасатыны атап өтілді.
Республикалық нотариаттық палата нотариат туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылауға қатысуды жалғастырып, заң жобасының қаралу барысын назарда ұстайды.
