Бүгін, 20 мамыр күні, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының пленарлық отырысы өтіп, онда «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының жобасы қаралды. Пленарлық отырысқа Республикалық нотариаттық палата атынан атқарушы директор Гүлнара Рыспекова қатысты.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары қолданыстағы құқықтың құрамына жатады, заңнаманы қолдану мәселелері бойынша түсіндірмелер береді және тек соттар үшін ғана емес, барлық құқық қатынастары субъектілері үшін міндетті болып табылады. Бұл құқықтық айқындықты қамтамасыз ету, заңнаманы бірізді қолдану және құқық үстемдігін нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша нормативтік қаулының жобасы мақұлданды.
Нормативтік қаулының толық мәтіні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтында жарияланады.
Аталған нормативтік қаулыны қабылдаудың өзектілігін ерекше атап өткен жөн. Мұрагерлік құқыққа Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 2-тармағымен кепілдік берілген. Бүгінде мұрагерлік азаматтардың меншік құқығының туындауының ең кең таралған негіздерінің бірі болып табылады.
Қолданыстағы мұрагерлік мәселелері жөніндегі нормативтік қаулы 2009 жылы қабылданған еді. Осы уақыт аралығында заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді, сот және нотариаттық тәжірибе қалыптасты, қоғамдық және мүліктік қатынастар айтарлықтай өзгерді.
Тауар-ақша қатынастарының дамуы мұрагерлік құқыққа елеулі ықпал етті. Мұрагерлік объектілерінің қатарында жылжымайтын мүлік, жер учаскелері мен жер пайдалану құқықтары, шаруашылық серіктестіктеріндегі үлестер, мүліктік құқықтар және өзге де активтер кеңінен орын алды.
Күн сайын мұрагерлік құқықтарға байланысты нотариаттық іс-әрекеттер жасайтын нотариустар үшін Жоғарғы Соттың түсіндірмелері үлкен практикалық маңызға ие.
Жоғарғы Сот жүргізген сот тәжірибесін қорытындылау нәтижелері мұрагерлік заңнаманың жекелеген нормаларын түсіндіруде соттар мен нотариустар арасында әртүрлі көзқарастар бар екенін көрсетті.
Аталған нормативтік қаулыны қабылдауға екі жылдық ауқымды жұмыс жүргізілді. Сот тәжірибесіне екі рет қорытындылау жасалып, проблемалық мәселелер бірнеше мәрте, оның ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес отырыстарында талқыланды.
Республикалық нотариаттық палата осы жұмысқа белсенді қатысты. Нормативтік қаулы жобалары мен қорытындылау материалдары барлық аумақтық нотариаттық палаталарға нотариустар арасында талқылау жүргізу және ұсыныстар енгізу үшін жолданды. Нәтижесінде Республикалық нотариаттық палата тарапынан бірқатар ұсыныстар мен ескертулер енгізіліп, олардың кейбірі жоба мәтінін пысықтау барысында ескерілді.
Жаңа нормативтік қаулыда мұраны қабылдау тәсілдеріне, оның ішінде мұраны іс жүзінде қабылдау, нотариусқа өтініш беру, мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу себептерінің дәлелділігі, сондай-ақ мұрадан бас тарту мәселелеріне кеңірек түсіндірмелер берілген.
Сонымен қатар міндетті үлеске құқығы бар мұрагерлер, еңбекке жарамсыз мұрагерлер, мұра қалдырушының асырауында болған тұлғалар, сондай-ақ мұрадан шеттетілген мұрагер ұғымдарына қатысты мәселелерге ерекше назар аударылған.
Бұдан бөлек, қаулыда мұра құрамын анықтау, оның құнын белгілеу және мұраны бөлу, сақтандыру төлемдері, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын, фермерлік және шаруа қожалықтарын, жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердегі үлестерді, өндірістік кооперативтер мен толық серіктестіктердегі қатысу үлестерін мұраға қалдыру мәселелері бойынша түсіндірмелер қамтылған.
Сондай-ақ мұраны қабылдаған мұрагерлер мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша әрқайсысына өткен мүліктің нарықтық құны шегінде ортақ борышкерлер ретінде жауап беретіні түсіндірілген.
