Биыл адамзат тарихындағы ең қасіретті Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл соғыс 1939 жылы басталып, 1945 жылы жеңіспен аяқталғаны бәрімізге мәлім. Осы аралықта Атырау облысы бойынша бірнеше мыңға жуық азаматтар Отанымызды қорғау үшін соғысқа аттандырылды. Ал тылда қалғандардың қарты да, кішкентай балалар да еңбекке араласып, майдандағыларға өз көмектерін көрсетті. Біздің Атырау өңірі бойынша еңбекке араласқан балалар аз болмады. Сол кездегі балалар қазіргі күні тыл ардагері санатында. Сондай жанның бірі нотариат ардагері - Төлеш Мырзахметов, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 90 жасқа толып отыр.
Төлеш Мырзахметұлы 1935 жылы Атырау облысы Махамбет ауданының Ақжайық селолық округіне қарасты жетінші ауылда дүниеге келген. Әкесі Мырзахмет пен анасы Ақзиядан үш ұл, үш қыз тарайды. Соғыс басталғанда бала Төлеш бар болғаны алты жаста еді. Төрт жылға созылған соғыс кезінде ол да есейіп, қиындықпен бірге еріксіз ержетті. Өздерінің бала екендіктеріне қарамастан олар үлкендермен бірге шөп шабуға, оны жинап-тасуға, егін жинауға, қой төлдету кезінде қозы айыруға, қи тасуға, егіннің арам шөбін жұлуға, шөп шауып, оны тасуға көмектесті.
Соғыс салған қиындықпен бетпе-бет келе жүріп бала Төлеш мектептің бастауыш сыныбын, одан кейін орта және жоғарғы сыныптарын ойдағыдай аяқтайды. Бұл елге Ұлы Жеңістің шапағаты жетіп, экономиканың біртіндеп дамып жатқан кезі болатын. Өзінің алғашқы еңбек жолын Сартоғай селолық кітапханасынан бастаған Төкең Еңбекшіл, Сарочинко селолық кітапханаларына да басшылық жасады. Ал, 1958 жылы Сарайшық селосындағы ауыл шаруашылығы механикаландыру училищесіне оқуға түсіп, одан тракторист мамандығын алып шығады. «Бірінші Мамыр» совхозына тракторист болып орналасып, ауыл шаруашылығын өркендетуге өз үлесін қосады. Осында еңбек етіп жүргенде Редут селолық кеңесіне депутат болып сайланады. 1961 жылдың наурыз айында осы селолық кеңестің хатшысы болып сайланады.
Арада екі жыл өткен соң Төлеш Мырзахметұлы Махамбет аудандық халық сотына сот орындаушы болып орналасады. Одан кейінгі жылдарда тәжірибелі қызметкер Махамбет аудандық тұтынушылар одағында кадр жөніндегі инспектор, Махамбет аудандық халықты еңбекке орналастыру бюросының меңгерушісі, Махамбет аудандық жұмыспен қамту орталығына бас маман - мемлекеттік инспектор қызметтерін абыроймен атқарады.
Гурьев (Атырау) облысының атқару комитетінің Әділет бөлімінің шақыруымен 1978-1990 жылдар аралығында Махамбет аудандық нотариалдық кеңсесінің мемлекеттік нотариусы болып қызмет атқарады.
- Ол кезде біз бар жан-тәнімізбен жұмыс жасадық, - деп еске алады бүгінде Төлеш ақсақал. Талдықорған қаласындағы заң техникумының түлегі болған соң бар қызметім осы заңмен байланыста болды.
Сол кездерде қазіргі кездегідей талапқа сай нотариустың өз кеңсесі болған жоқ, жұмысы кеңселік құралдармен толықтай жабдықталмаған, жазу машинкасы жетіспей, құжаттарды қаламмен толтырып жазатынбыз, арнайы бланкілер болмай, қағаз жағы да жетіспейтін. Сондай қиыншылықтарға қарамастан, Нотариат саласында жасаған кездерімді жылылықпен есіме аламын.
Мырзахметов Төлеш халыққа нотариаттық қызмет көрсетумен бірге құқықтық-насихат жұмысымен де айналысып, ауданға қарасты ауылдарды аралап, халыққа өсиет қалдыру тәртібін, мұралық құқық туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Менің өткен өміріме еш өкпем жоқ,-дейді ардагер. Алған жарым, өмірлік серігім Жайшылық Таужановамен бір шаңырақ астында түтін түтетіп, алты ұл, төрт қыз тәрбиеледік. Қазіргі кезде олардың бәрі отбасылы, өздерінің де бала-шағасы бар. Осы ұл-қыздан қырықтан астам немере-шөбере сүйіп отырмыз...
Тыл ардагері, Нотариат саласының ардагері Төлеш Мырзахметұлы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Атырау облысының Әділет департаментінің ұсынысымен Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен наградталды, ал 80 жылдығы қарсаңында Атырау облысы Махамбет аудандық мәслихатының шешімі бойынша ардагерімізге «Махамбет ауданының Құрметті азаматы атағы» берілді.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы. Біз Төлеш ағадай ардагеріміз барына қуанамыз, ағамыздың өнегелі отбасымен мақтанамыз. Ғасыр жасаңыз асыл Аға!
Гүлнар МАСАТОВА
Атырау облысы нотариаттық палатасының төрайымы