2022 жылғы 31 мамырда Қазақстанның Республикалық нотариаттық палатасы мен Франция нотариатының Жоғары кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге толықтыруға қол қойылды.
Құжатқа Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жанәбілова мен Франция нотариатының Жоғары кеңесінің президенті Давид Амброзиано қол қойды.
Құжатта ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстанда өтетін ісшаралар көрсетілген. Атап айтқанда, ол құқықтық мәселелер бойынша семинарлар мен екіжақты кездесулер ұйымдастыруды қарастырады.
РНП төрайымы кездесу аясында екі мемлекет нотариаттарының ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті, өзара қарым-қатынасқа қатысты ұстанымын білдірді және қазақстандық нотариаттың ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктері мен оны дамытудың алдағы жоспарлары туралы сөз сөйледі. Қазақстанның Республикалық нотариаттық палатасы РНП-ның Халықаралық нотариат одағына кіру мәселесінде Франция нотариатының Жоғары кеңесінің елеулі үлесін атап өтті.
Жалпы, екіжақты диалог аясында тараптар 2022 жылға арналған бірлескен ісшаралар жоспарын талқылады. Кездесу барысында француз әріптестері Республикалық нотариаттық палатаның Тәжікстан Республикасының нотариатымен ынтымақтастығына қызығушылық танытып, РНП төрайымына 2018 жылы Қырғыз Республикасының нотариатымен іспеттес Франция мен Тәжікстан нотариаттарының арасында екіжақты байланыстар орнату мәселесінде көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Франция нотариатының Жоғары кеңесінің басшылығы РНП төрайымының нотариат саласындағы қазақстан-француз қатынастарын дамыту ісіне қосқан ерекше жеке үлесін атап өтіп, орныққан кәсіби және достық екіжақты байланыстарды жалғастыруға ниеттерін растады.